Оралда «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығы мерекеленді (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубының стадионында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өткізілді.
None
None

Онда БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Өтеулин қоғам мүшелерін мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді.

Салтанатта аталып өтілгеніндей, «Динамо» қоғамы облыстық филиалының құрамына 22 дене тәрбиесі ұжымы кірсе, соның 10-ы қалалық, 12-сі ауылдық жерде. Бұл ұжымдар 3615 адамды қамтыса, соның 229-ы - жас «динамошылар». «Динамо» қоғамының мүшелері түрлі спорттық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрсе, мұнда облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Павел Ставкиннің үлесі мол. Қазіргі уақытта департамент инспекторы, полиция лейтенанты, самбодан төрт мәрте әлем чемпионы, әлем кубогының үш дүркін иегері, 2012 жылғы суперкубок иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров, Орал қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері, аға сержант, әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Екатерина Ларионованы «Динамо» қоғамы орынды мақтан етеді. Бүгінде Е.Байбатыров кезекті әлем біріншілігіне дайындалып жатса, Е.Ларионова алдағы жылы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиадаға қатысудан үмітті.

Салтанатты жиында спорт ардагерлері алғысхаттармен, спорттың дамуына сүбелі үлес қосқан әкімдер «Динамо» қоғамының мерейтойлық медалімен марапатталды.

Мереке аясында доғарыстағы милиция полковнигі Карл Махамбетовтің құрметіне облыс құқық қорғау органдары арасында шағын футболдан жарыс мәреге жетті. Онда БҚО ТЖ департаменті жеңімпаз атанса, ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті - екінші, Ұлттық ұлан «Бүркіт» арнайы бөлінісінің командасы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлерге кубок, дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар