Оралда домбыра үйренуші өзге ұлт өрендері көбейіп келеді

Солардың бірі - №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы, жеті жасар Марина Гладкова. Маша өз сыныбында өте белсенді. Бүлдіршіндер арасындағы көптеген қазақ тіліндегі байқаулардың жүлдегері.
- Маша қазақ тілін балабақшадан бастап үйреніп келеді. Қазақ тобына барды. Мақсат біреу-ақ. Қазақстан - Машаның Отаны. Отанды сүю - парыз. Өз Отанының тілін, тарихын, салт-дәстүрін білмейінше, толыққанды адам бола алмайды. Біз оның өскенде кім боларын білмейміз. Мүмкін кәсіби музыкант бола қоймас. Бірақ мұның бәрі баланың жан-жақты жетілуіне орасан себін тигізеді, мәдениетке жетелейді. Әкесі ретінде қызымның қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылығын тек қана қолдаймын, - дейді әкесі Александр Германович.
Біз әкесімен әңгімелесіп отырған кезде Маша ақ қағазға әлдененің бейнесін шимайлап отырған болатын. - Өскенде суретші болғым келеді, - деді қазақ тілінде тастай етіп. Машаның салып отырған суретіне еріксіз көзіміз түсті. Қазақтың қос ішекті домбырасын бейнелепті.
Қазірдің өзінде домбырадан жеке сабақ алып, «Жастар биі», «Келіншек» деген күйлерді, «Қошақан» деген әнді орындай алатын Маша жаңа оқу жылынан бастап №1 балалар саз мектебіне қабылданбақшы.
Ал №7 мектептің 6-сынып оқушысы Святослав Фомин биыл №1 балалар саз мектебіндегі 5 жылдық домбыра сыныбын толық тәмамдамақ. Ұстазы Айнаш Байділдинованың оқушысына ықыласы ерекше.
- Домбыраны жеті жасымнан үйреніп келемін. Ата-анам осы аспапта ойнай білгенімді қалады. Мен де құп алып, қызығушылығыммен келдім, - дейді Святослав. Ол өзі орындай білетін он шақты күйді атады.
Святославпен бір мектепте, тек бір сынып төмен оқитын Егор Мищенко да аталмыш саз мектебінің домбыра бағыты бойынша екінші сыныпта сабақ алады. Домбыра үйретуші ұстазы Индира Исағалиева: - Домбыра - ата-бабамыздан бері үзілмеген өнер. Сондықтан кез келген қазақ баласының бойында оны шапшаң үйреніп кететін қабілет жатады. Ал өзге ұлт өкілдері алғаш келгенде аспапты ұстауының өзінен ебедейсіздік байқалады. Бірақ осы өнерді үйренуге деген зор ынтасы - Егордың басты ерекшелігі, - дейді.