Оралда Дүниежүзілік кітап күніне орай шаралар өткізілуде
Кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаеваның айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған көрмеде «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығарылған кітаптар қойылған. Онда Елбасының кітабымен қатар Абай, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин және басқа ақын-жазушылардың, Қазақстан тарихына байланысты энциклопедиялық туындылар орын тепкен.
Кітап күніне орай белгілі ғалым, жазушы, академик Қажым Жұмалиевтің «Ақжайық қаламгерлерінің кітапханасы» сериясымен шыққан жеті томдығының таныстырылымы болды. Қаратөбе ауданында туып-өсіп, Алматыда ұзақ жыл қызмет еткен Қажым Жұмалиев әдебиет тарихын зерттеумен бірге прозалық, поэзиялық туындылар да жазды. «Ағартушы» баспасынан жарық көрген жеті томдық ЖОО-ларға да таратылды.
Кітапханада сондай-ақ «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» кітабына байланысты кеш өтіп, онда елге белгілі домбырашылар Ермек Қазиев, Өтеген Жұмашевтар күй шертті.