Оралда дзюдо күресінен ҚР ІІІ жазғы спартакиадасы мәреге жетті
Ерлер арасында 60 килә салмақта ақтөбелік Рүстем Ибраев (бапкері Айдар Жиенбаев) финалда шығысқазақстандық Еркебұлан Қосаевты ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. Қызылордалық Дархан Сержанов пен атыраулық Асхат Тельманов қола жүлдені қанағат тұтты. 66 киләда батысқазақстандық Азамат Мұқановтың бағы жанды. Белгілі бапкер Керей Қойшыбек жаттықтыратын балуан самбодан ауысқанынан көп болмаса да, өзінің дзюдодан үлесі бар екенін бірден танытты. Бұл салмақта шығысқазақстандық Медет Қасымжанов - екінші, атыраулық Наурызбек Майлашев пен оңтүстікқазақстандық Мейіржан Қалтаев үшінші орынды иеленді. 81 килә салмақта тағы бір батысқазақстандық балуан Саят Шамшиев (жаттықтырушысы - самбодан әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері Қоныс Жетпісов) чемпион атанды. Алматы қаласынан Думан Әлдиев - күміс, Алматы облысының өкілі Фархат Рузукулов пен павлодарлық Садыбек Мұқашев қола жүлдені еншіледі.
Қалған салмақ дәрежелерінде мына дзюдошылар жүлделі бірінші орынға ие болды: 73 кг - Эльдар Зарипханов (ШҚО), 90 кг - Тимур Болат (Астана), 100 кг - Сабыржан Әбілдаұлы (ОҚО), 100 кг жоғары - Арман Әбеуов (Астана). Абсолютті салмақта - Ержан Шинкеев (Қарағанды).
Әйелдер арасындағы белдесулер де тартысты болды. Жеңімпаздар мынандай ретпен орналасты: 48 кг - Александра Подрядова (ОҚО), 52 кг - Келбет Нұрғазина (Қарағанды), 57 кг - Алина Тен (Алматы қ.), 63 кг - Зарина Әлдікова (ОҚО), 70 кг - Мариям Ордабаева (Алматы қ.), 78 кг - Зәмзагүл Файзолланова (Алматы қ.), 78 кг жоғары - Зарина Абдрасулова (ОҚО). Абсолютті салмақта - Ж.Жанзунова.
Дзюдо күресінен Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері, Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеевтің айтуынша, спартакиада жоғары деңгейде өтті. Жаңа есімдер деп 60 килә салмақта күрескен ақтөбелік Рүстем Ибраев пен 66 киләдағы батысқазақстандық Азамат Мұқановты айтуға болады. Екеуі де сауатты күресті. Жалпы, болашағынан үміт күттіретін талантты балуандар баршылық, тек көп тер төгіп, еңбектену керек. Айталық, Эльдар Зарипханов пен Темір Болат бұдан бұрын да чемпион атанса, 81 киләдағы Саят Шамшиев жеңіс тұғырына бірінші рет көтерілді. Осы салмақтағы Ислам Бозбаев пен 100 киләдағы әлем чемпионы, ұлттық құрама капитаны Максим Раков бұл жарысқа қатысқан жоқ. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте Максим үшінші орында келеді. Басты мақсат - алдағы жылы өтетін Лондон олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін бес-алты лицензия алу. Әр жарыс сайын алған ұпайларына байланысты дзюдошылардың рейтингі жаңарып отырады. Лицензия алу жолындағы турнирлер өткен жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Дегенмен биылғы додалардың маңызы зор. Көп ұзамай ұлттық құрама Әзірбайжанда, одан кейін Мәскеуде өтетін гран-при жарыстарына аттанады. Ал 22-28 тамызда Францияда әлем біріншілігі өтеді. Мәселен, осы чемпионатта жеңімпаз атанған балуанның есебіне бірден 500 ұпай жазылады. Олимпиадаға әр салмақтан үздік 22 дзюдошы қатысады.