Оралда Е.Ыбырайымовтың жүлдесі үшін халықаралық турнир мәреге жетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сенбі күні өткізілген финалдық бәсекені 48 килә салмақта ақтөбеліктер, спорт шеберлігіне үміткерлер Ақниет Бекжанов пен Дәурен Даужанов бастады. Мұнда 8:1 есебімен он сегіз жасар Ақниет айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Ал 51 килә салмақта шаршы алаңға спорт шеберлері, оңтүстікқазақстандық Нұрғазы Жүсіпов пен Ақмола облысының өкілі Нұрсұлтан Қосшығұлов көтеріліп, бәсеке тартысты өрбіді. Бұл жолы Нұрсұлтанның соққысы көбірек дарып, айқас 4:2 есебімен ақмолалық боксшының пайдасына шешілді. 54 келі салмақта алматылық Бағдат Әлімбеков қарсыласы, қарағандылық Ғалымбек Көкеден (екеуі де - спорт шеберлігіне үміткерлер) 6:0 есебімен шеберлігін асырды. 57 келіде батысқазақстандықтардың үкілеп қосқан үміті, спорт шебері Ержан Кәрімов көпшіліктің көңілінен шықты. Ол атыраулық, спорт шеберлігіне үміткер Ерболат Дәулетбаевты бет қаратпай, 10:2 есебімен тізе бүктірді. 60 келіде қос алматылық боксшы, спорт шеберлігіне үміткерлер Асхат Жеңісбеков пен Асхат Уәлиханов өзара бақ таластырды. Мұнда А.Жеңісбековтің бабы басым, соққысы сәл дәлірек болды, есеп - 3:1. 64 келіде оңтүстікқазақстандық спорт шебері Данияр Омаровтың жарақатына байланысты жеңіс қарағандылық спорт шеберлігіне үміткер Думан Сүлейменовке берілді. 69 келіде тағы бір батысқазақстандық Алмазбек Орынғалиев жеңіс тұғырына көтерілді. Ол қарағандылық Бөбекжан Момыновты 3:2 есебімен ұтты. Алаң иелеріне үшінші алтынды 75 келі салмақта он сегіз жасар спорт шебері Ерік Әлжанов алып берді. Оның қарсыласы, ақтөбелік спорт шебері Сүндет Зұлпақаров бірінші раундтан кейін бәсекені жалғастыра алмады. 81 келіде оңтүстікқазақстандық Нұрлан Нұрсейітов атыраулық Айдос Дәулетовті 5:2 есебімен қапы қалдырды. 91 келіде қарағандылық Азат Әбілдинов ақтөбелік Балаби Жайлаубаевтан 10:2 есебімен басым түсті. 91 келіден жоғары салмақта алматылық Қанат Алтаев ақмолалық Андрей Плахотнюкті қуып жүріп сабап, ақыры нокдаунға түсірді.
Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың атап өткеніндей, бұл жарыста батысқазақстандық боксшылар жарқырап көрінді. Алты спортшы түгелдей жүлдегер атанып, үшеуі алтын, қалғаны қола медальды жеңіп алды (мұнда, әрине, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуаныш Уақасов бастаған бапкерлердің үлесі мол). Мәселен, 60 келіде Аслан Есенов жартылай финалда бұрын Қазақстан жастар құрамасының мүшесі болған алматылық Асхат Уәлихановқа аса тартысты кездесуде 2:3 есебімен ғана есе жіберді. Сол секілді Ержан Кәрімов пен Ерік Әлжановтың да үлкен жеңістері алда деуге болады. Жалпы, турнирде ақтөбелік, қарағандылық, алматылық боксшылар да шеберлігі өсіп келе жатқанын көрсетті. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресейден келген спортшылардың бірде-бірі финалға шыға алмауы қазақ боксының деңгейі жоғары екенін танытады. Енді аталмыш жарыста жеңімпаз атанған спорт шеберлігіне үміткерлер спорт шебері атанып, Қазақстан құрамасы сапына ілігуге бір табан жақындайды.
Бұдан бұрын Ақтөбеде жалау көтеріп, биыл Оралда жалғасқан Ермахан турнирі бұдан былай Ақ Жайықта тұрақты өтіп тұрмақшы.