Оралда ел дамуына ерекше үлес қосқандар марапатталды

ОРАЛ. 1 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО әкімдігінде аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқандар марапатталды.
None
None

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атап өткеніндей, 2011 жылы аймақтық үйлестіру кеңесінің 28 отырысы өтіп, онда 266,7 млрд. теңгені құрайтын 93 жоба мақұлданды. Индустрияландыру картасы бойынша 254,4 млрд. теңгенің 29 жобасы жүзеге асырылуда. 2010 жылы жалпы құны 92 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылса, 2011 жылы 157,5 млрд, теңгенің 11 жобасына жан бітті. Бүгінде құрылысы жүріп жатқан 9 жоба 2012-2013 жылдары аяқталады.

Осы отырыста ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсқа белсене қатысқаны үшін М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы, «Стройкомбинат», «Гидромаш Орион МЖБК», «Әлім», «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» сынды бірқатар батысқазақстандық кәсіпорындар басшыларына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы А.Мусин қол қойған алғысхаттар табыс етілді.

ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Қазақстан құрылыс және жеңіл өнеркәсібі салаларын дамытуға қомақты үлес қосқаны үшін бір топ адам ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар