13:44, 03 Маусым 2009 | GMT +5
Оралда «Елтаңба - елдігім, көк туым - теңдігім, әнұран - айбыным» атты шара өткізілді
ОРАЛ. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Елтаңба – елдігім,
көк туым - теңдігім, әнұран - айбыным» атты әдеби-патриоттық шара өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сезімге сәуле түсіретін шарада студенттер мемлекеттік рәміздерге құрмет төңірегінде пікір алмасты. Жүректен шыққан өлеңдер оқып, шығармашылықтан сайысқа түсті. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің 1-курс студенті Мақпал Әбдірахманова ақын Оразақын Асқардың «Рәміздер» өлеңін мәнерлеп оқып, көпшілік көңілінен шықты. Ал Мира Сүндетова «Қазақ елі» әнін ерекше шабытпен орындап берді. Студент жастар қазақ елінің басты құндылықтарына қашанда адал болатындықтарына сендірді.