19:36, 29 Сәуір 2013 | GMT +5
Оралда Ғ.Тоқайдың туған күні аталып өтті
ОРАЛ. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Орал қаласында татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың туған күні аталып өтті.

Ғ.Тоқайдың жасөспірім шағы осы Оралда өткендіктен, оның есімін Ақ Жайық жұртшылығы қадір тұтады. Қаланың орталық көшелерінің біріне Ғ.Тоқайдың есімі берілсе, оның ескерткіші де ерекше көз тартады. Ақынның туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Татар мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараға Ғабдолла Тоқайдың Еуразиялық орталығының төрағасы, ғылым докторы, профессор Разак Абузяров, «Ялкын» фольклорлық тобы, аталмыш орталыққа мүше жастар, жалпы ақын талантына бас иген жұртшылық қатысты. Кеш барысында Ғабдолла Тоқайдың өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды.