Оралда гемодиализ орталығы ашылып, жұмыс жасай бастады

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменовтің айтуынша, мемлекеттік-жеке серіктестік арқылы ашылған орталықтың бүйрек ауруына ұшыраған науқастар үшін орны ерекше. Облыстық клиникалық ауруханада гемодиализ бөлімі бар. Бірақ ауру саны жыл сайын өсіп, күні бүгін облыста ем алатын 89 науқас есепте тұр. Бүгінге дейін бұл науқастар төрт ауысымда кезектесіп ем алып келді. Олар түн ортасында келуге мәжбүр еді. Емін алып қоғамдық көлік жүргенше таң атуын күтіп отыратын. Енді ашылған орталықта науқастар екі ауысымда, күндізгі уақытта ем алуға қол жеткізіп отыр. Мұнда 24 диализдік орын 96 адамға қызмет көрсете алады. Оларды 16 орындық жаңа «Газель» көлігі үйлерінен алып келіп, апарып тастайтын болады. Науқастар мұнда емнен соң демалып, жеңіл тамақтанып, шай-суын ішетін болады.
Орталықты ашып отырған жеке серіктестік иесі «Диамет-техник» компаниясы бұл мақсатқа 100 миллион теңге қаржы жұмсаған. Оған ғимаратты жөндеуден өткізу, медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмектер алынған. «Гемодиализдің нағыз жүрегі - таза су, сондықтан мұнда медициналық су тазарту жүйесі қондырылды. Қаланың құбырымен келетін су ішуге жарамайды. Ол нашар ғана емес, құрамында саз өте көп, ал сазды бірде-бір сүзгі тазарта алмайды», - дейді компания директоры Игорь Буланов.
Орталық екі қабатты. Ем-шара алатын екі залда 24 аппарат орналасқан. Бір аппараттың құны 6 миллион, ал науқастың креслосы 500 мың теңге тұрады. Әр науқастың бір күндік емі - 26 мың теңге.
Қ.Ирменовтің сөзіне қарағанда, мамыр айының аяғында облыстық клиникалық аурухана аумағында гемодиализ орталығының жаңа ғимаратының іргетасы қаланбақшы. «Келесі жылы бүгінгі уақытша ашылып отырған орталық сол жаңа ғимаратқа көшеді. Жеке серіктес «Диамет-техник» фирмасымен жасасқан шарт бойынша олар 150 миллион теңге қаражат шығарып жаңа орталықты салып, іске қосады, мемлекеттік тапсырыспен науқастарды емдейді. 5-6 жылда ол орталық облыстық клиникалық аурухананың меншігіне ауысады. Ал алдағы жылдары науқас саны көп Бөрлі, Шыңғырлау аудандары үшін Ақсай қаласында орталықтың бөлімшесін ашуды жоспарлап отырмыз. Одан соң жағдай болса, шалғай аудандарда ашуды қолға аламыз», - деді ол.
2008 жылы облыста бүйрегі істен шыққан 46 науқас болса, бүгінде олардың саны күрт өсіп 90-ға жуықтаған. Науқастың 55 пайызы - қала, 45 пайызы - ауыл тұрғындары.
«Ел ырысы» базары маңында уақытша ашылған гемодиализ орталығы 2 мамырдан бастап бүйрек дертіне шалдыққан өте ауыр науқастардың өмірін ұзартуды қолға алды.