Оралда Қаршыға Ахмедияровтың құрметіне концерт қойылды (ФОТО)
Алдымен Қаршыға Ахмедияров туралы бейнефильм көрсетілсе, содан кейін Досым Мақсотов ұстазының туындыларын тебірене орындады. Сондай-ақ кеште Қырымгерей Қажымов пен Еркін Нұрымбетовтің дирижерлік етуімен Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жұмағаным Рахымова, Сәуле Таудаева және басқа әншілер өз өнерлерін көрсетті.
Концертті тамашалаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Қаршыға Ахмедияровтың халық композиторлары мен өз туындыларын тамаша орындап қана қоймай, Махамбет сынды ұлы тұлғалардың күйлерін іздестіріп тауып, кейінгі ұрпаққа табыстап кеткенін атап өтті. Бүгінгі таңда ұстазының ұлағатты істерін шәкірттері жалғастыруда.
Кеш барысында күйші-композитордың досы Ғабдрахим Жаңбырбаев пен бауыры Алғи Ахмедияров естеліктерімен бөлісіп, осынау концертті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.