Оралда Қазақстанның батыс аймағындағы ЖОО ректорларының аймақтық кеңесі құрылды
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде осыған орай таяуда құрылтай жиналысы болып, онда аталмыш ЖОО ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Қазыбай Бозымов кеңес төрағасы болып сайланды.
Оның айтуынша, аймақтық кеңес ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың тапсырмасына сәйкес құрылды. «Аймақтық кеңес Қазақстанның батысындағы 12 университеттің басын біріктіріп отыр. Онда ЖОО алдына қазіргі таңда қойылып отырған биік мақсат-міндеттер мен өзекті мәселелер талқыланып, қажет жағдайда министрлік атына ұсыныстар берілетін болады. Сондай-ақ кейбір мәселелер тетігі орталықтан алынып, аймақтарға беріліп жатыр. Кеңес жылына кемінде екі-үш рет бас қосуды көздейді. Ал жақында Қазақстан ректорларының одағы да құрылмақшы. Осының бәрі ЖОО-лардың заман ағымынан қалмай, бәсекеге қабілетті болуы үшін жасалуда», деді Қ.Бозымов.