Оралда Кедендік одаққа мүше үш елдің ішкі істер министрлері бас қосты

ОРАЛ. Тамыздың 23-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында Кедендік одаққа мүше мемлекеттер ішкі істер министрлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары, Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Орынбор және Саратов облыстары ішкі істер және өзге де құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген кеңес болды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуге қатысушылар құқық қорғау органдарының шекаралас ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін қарады, қарым-қатынастарды одан әрі дамыту бойынша пікір алмасып, ұсыныстармен бөлісті. Сондай-ақ Кедендік одақ жағдайында өзара іс-қимыл жасасудың негізгі бағыттарын белгіледі.

Қазақстанның ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов ішкі істер органдарының шекаралас өңірлерде өзара іс-қимыл жасасуы дәйекті түрде дамып, жаңа сипатқа ие болып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар республикада құқық қорғау жүйесін реформалау шаралары қолға алынғанын, соған сәйкес құқық қорғау органдарының бірқатар қызметі өзге органдарға жүктелетіндігін, бұдан былай ішкі істер органдарының негізгі күш-қайраты қылмыспен күрес сапасын арттыруға бағытталатынын жеткізді. Қазақстан, Ресей және Беларус мемлекеттерінің Кедендік одағы ортақ экономикалық кеңістік құру жолындағы аса маңызды қадам екенін тілге тиек еткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов үштік одақтың қазірдің өзінде экономикалық әріптестікті нығайтып, инвестициялық климатты жақсартуға, ішкі экономикалық қызметті жүзеге асыруда кездесетін бюрократиялық кедергілерді жоюға, ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отырғандығын баса айтты.

Беларус Республикасының ішкі істер министрі Анатолий Кулешов трансшекаралық қылмыстар, заңсыз есірткі айналымы, экстремизм мен лаңкестік әрекеттерге тосқауыл қою үшін үш елдің құқық қорғау органдарының бірлескен іс-әрекетін реттейтін мемлекетаралық құқықтық-нормативтік базаны жетілдіруді ұсынды.

Әріптесінің бұл пікірін қолдаған Ресей Федерациясының ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев үштік одақ аясында жаңа жұмыс шарттарына бірлескен тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап көрсетті. Бұл үшін ең алдымен ведомствоаралық, кешендік өзара іс-қимыл, бірінші кезекте шекаралық және кедендік қызметтер басты рөл атқаруы тиіс, десті жиында сөз алғандар.

Жұмыс сапары барысында Беларус, Қазақстан және Ресей ішкі істер министрлері облыстық ішкі істер департаментін, жедел басқару орталығын, арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімшесін аралап көрді және өңірдегі полицияның жұмысымен танысып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Соңғы жаңалықтар