Оралда Кеңес Одағының Батыры М.Мәметованың 90 жылдығына арналған шаралар мәреге жетті

ОРАЛ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Орал қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 90 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды.
None
None

Қасиетті Нарын құмында дүниеге келген Мәншүк туған Отанын жаудан қорғауда теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Қасық қаны қалғанша қайсарлық танытқан батыр қыз бар-жоғы 21 жасында майдан даласында қаза тапты.

Аталмыш шаралар Орал қаласындағы батырдың ескерткіші жанында «Ерлік мәңгі жасайды» атты митингіден бастау алды.

Шараға соғыс және тыл ардагерлері, облыстық басқармалардың басшылары, мектеп оқушылары, әскери бөлімдердің жауынгерлері және батырдың бауырлары, Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан келген қонақтар қатысты.

Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырхановтың атап өткеніндей, Мәншүк батырды жерлестері ешқашан ұмытқан емес. Биыл екі айдан бері облыс көлемінде көптеген шаралар өткізілді.

Осы шараға Алматыдан арнайы келген Шолпан Қанатқызы Мәметова бауырлары атынан батырдың мерейлі жасына орай үлкен шара ұйымдастырған облыс басшылығына, жерлестеріне ризашылығын білдіріп, Мәншүк туралы тебірене сыр шертті. Оның шын есімі Мәнсия еді, бірақ ата-анасы оны еркелетіп «Моншағым» деп атаған. Содан Моншақ, Мәншүк атанып кеткен. «Біздер, Мәметовтер ұрпағы апамыздың Ұлы Отан соғысында жасаған ерлігін мақтан етсек, халқымыздың оған деген құрметі мен махаббаты да зор екенін әркез мақтанышпен айтамыз. Қазақстанның көптеген облыстарында оның атында көше, мектеп бар. Ақтөбедегі медициналық колледжге оның есімі берілді. Орал қаласында мемориалдық мұражайы бар, - деді Шолпан Қанатқызы.

1989 жылы Мәншүктің мұражайы жанынан құрылған «Фронтовичка» майдангер әйелдер клубының жетекшісі, соғыс ардагері Алевтина Митрохина Мәншүк ерлігінің мәңгі өшпейтінін атап өтті.

-Мен көп жылдан бері шығыстың қос шынары Мәншүк пен Әлияның қаһармандық ерлігі туралы материалдар жинап келемін. Сол ізденістің нәтижесінде «Аңызға айналған қос шынар» атты кітабым жарық көрді. Мәншүк туралы аз жазылған жоқ. Көркем фильм де түсірілді. Дегенмен әлі де бізге беймәлім мағұлматтар көп болуы мүмкін. Сондықтан біздің қор өз жұмысын одан әрі жалғастыра береді, - деді Ақтөбеден келген «Қос шынар - Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес.

Бұдан соң шараға қатысушылар қаладағы «Ол күндердің даңқы өшпейді» және Жеңіс алаңындағы «Мәңгілік алау» ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

1932-1934 жылдары Ахмет Мәметовтер отбасы тұрған үйге орналасқан М.Мәметованың мемориалдық мұражайына келген қонақтарды мұражай директоры Светлана Бектенова «Мәншүктің өшпес ерлігі» диорама залына бастады. Мұнда мұражай қызметкерлері ардагерлер мен қонақтарға Мәншүктің майдандағы соңғы ұрысы бейнеленген көріністерді көрсете отырып, оның ерлігі туралы тартымды әңгімеледі. Мұражай қызметкерлері қонақтарға мұражай ішіндегі тарихтан сыр шертетін әрбір жәдігер туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

6 желтоқсан күні қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралап, облыстық тарихи-өлкетану, Ғабдолла Тоқай және «Ескі қала» мұражайларында болды. Кешкісін М.Мәметованың 90 жылдығына арналған фотосурет көрмесімен танысып, театрландырылған әдеби-сазды бағдарламаны тамашалады.

Бүгін шараға қатысушылар «Назарбаев зияткерлік мектебінде» болып, оқушылармен кездесу өткізді. Олар А.Пушкин, Е.Пугачев, С.Ғұмаров, табиғат және экология мұражайларында болып, көне Орал қаласының бай тарихына қанықты.

М.Мәметованың туғанына 90 жыл толуына арналған шара осы күні түстен кейін мемориалдық мұражайда «Шығыс Шолпаны» атты деректі фильмнің көрсетілуімен мәреге жетті.

Батырды еске алуға арнайы келген туысқандары Шолпан, Руслан Мәметовтер, Астана қаласындағы М.Мәметова атындағы №26 орта мектебінің директоры Айгүл Омарова, Ақтөбе қаласындағы «Қос аққу» қоғамдық қорының төрағасы Қуаныш Мырза және тағы басқалары шараны ұйымдастырған облыс басшыларына, барша батысқазақстандықтарға ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар