Оралда көлік саласының озаттары марапатталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көлік қызметкерлерінің күні аталып өтіліп, сала үздіктері марапатталды.
None
None

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониядағы салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес көлік саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 65-қадамында Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға ықпалдастыру туралы айтылған. Осыған орай «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жобасын жүзеге асыру көзделуде. Ол Азиядан Еуропаға жүктер тасымалын кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі: бірінші бағыт - Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өтеді. Екінші бағыт - Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына дейін, одан әрі Каспий теңізі мен Әзербайжан, содан соң Грузия арқылы. Ұлт жоспарына сәйкес мұндай игі өзгерістерден Батыс Қазақстан облысы да тысқары қалмақ емес. Айталық, Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы халықаралық маңызы бар автожол қайта салына бастады. Басқа да республикалық, облыстық маңызы бар күре жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар өткен жылы венгриялықтармен бірлесіп жаңа автобустар шығару жөнінде келісім жасалды. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Темір жол тасымалы да жүйелі түрде дамуда. Жаңа бағытта желілер ашылып, вагондар жаңартылуда. «Астана-Орал» жүрдек пойызы жыл соңына іске қосылады деп жоспарлануда. Өткен жылдан бері Орал халықаралық әуежайындағы ұшып-қону жолағы қайта жаңғыртудан өтуде. Биыл жөндеу жұмыстары аяқталып, әуежай үлкен сыйымдылықты әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік алады. Сол арқылы жолаушылар мен жүк тасымалдау көлемі өседі. Облыс орталығының әлем елдерімен байланысу мүмкіндігі артады.

Салтанатты жиын барысында табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапатталды. Мысалы, «Пассажир Авто» ЖШС директоры Марат Көпешев ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Үздік автокөлікші», «Локомотив» АҚ-ның Орал пайдалану локомотив депосы филиалының тепловоз машинисі Валерий Шурихин «Құрметті теміржолшы» атағын иеленді. Сондай-ақ бір топ қызметкерлер министрліктің құрмет грамотасы, алғысхаттарына, облыс әкімінің алғысхаттарына ие болды.

Соңғы жаңалықтар