Оралда композитор Базарбай Жұманиязовтың шығармашылық кеші болды

ОРАЛ. 19 қазан. ҚазАқпарат - 18 қазан күні кешкісін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі композитор, Қазақстан халық әртісі, профессор, «Парасат», Халықтар достығы ордендерінің иегері Базарбай Жұманиязовтың «Туған жер» атты шығармашылық кеші болды.
None
None

Бөкей ордасы ауданында туып-өскен Базарбай Жұманиязов өткен жылы 75 жасқа толған болатын.

Композиторды құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оның музыка әлемінің шыңына көтерілгенін атап өтті. Елге кеңінен таралған өз туындыларын жазып қана қоймай, Базарбай Жұманиязов сегіз жыл  бойы Қазақстан Композиторлар одағын басқарды. Туған жері - Ақ Жайық өңірімен де байланысын үзген жоқ. Көптеген жас дарындарға қолұшын созып, жол сілтеді.

Облыс басшысы Б.Жұманиязовтың иығына шапан жауып, зайыбы Гүлбануға қамзол кигізіп, құрмет көрсетті.

Жерлес композиторды сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Сабыров, Жәнібек аудандық мәслихатының хатшысы Таһир Қадимов құттықтаса, белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгерева арнау өлеңін оқыды.

Концертте композитордың «Шаттық», «Серпін» сынды күйлері, «Дала» симфониялық поэмасы, «Қазақстан», «Көктем гүлі», «Көп қарадым суретіңе» және өзге әндері, «Махамбет» операсынан үзінділер орындалды.

Шығармашылық кешке Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімов, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев және басқа әншілер қатысты.

Соңғы жаңалықтар