Оралда қос бірдей бүлдіршін көп қабатты үйден құлап, біреуі қаза тапты
ОРАЛ. 10 маусым. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері Орал қаласында қос бірдей бүлдіршін көп қабатты үйден құлап, біреуі қаза тапты.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 8 маусым күні кешкісін Алмазов көшесі бойындағы үйдің үшінші қабатынан 2010 жылғы Айсұлтан есімді бала құлап кеткен. Ол ауыр жарақат салдарынан бір сағаттан соң жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Кейін белгілі болғанындай, ата-аналары асүйде шай ішіп отырған кезде сәби сол күні қойылған пластикалық терезелерді қызықтап жүріп, тордан түсіп кетсе керек.
9 маусым күні түске таман Еуразия көшесінде орналасқан жатақхананың 4-қабатынан 2009 жылғы Сағындық құлап кеткен. Сол бойда облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген оның жағдайы ауыр. Оның ата-аналары базарға кеткен де, баланы қарауды туысына тапсырған. Бұл бала да тордан құлап кеткен.
Осындай оқиға 13 мамыр күні де орын алған болатын. 2011 жылғы Ілияс 3-інші қабаттан құлап, тірі қалды. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық, үйінде.
Осы жайлардың бәрі ата-аналардың өз баласын дұрыс қадағаламауынан туындап отыр.