Оралда ҚР ІІІ жазғы спартакиадасы аясында дзюдо күресінен жарыс басталды
Оған еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан 15 команда құрамында 170 спортшы қатынасуда. Ерлер мен әйелдер жеті салмақ дәрежесінде күш сынасады.
ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Абай Қаймақовтың айтуынша, елімізде олимпиадалық ойын түрі саналатын дзюдоға барынша мән берілуде. Оның дамуына ұлттық компаниялар да үлес қосуда. Орал қаласында бұдан бұрын спартакиада аясында күрес түрлерінен ел біріншілігі өткен болатын. Бұл жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Алдағы жылы өтетін Лондон олимпиадасы қарсаңында ел дзюдошылары өз өнерін көрсетпекші. Батысқазақстандықтар 60 килә салмақта татамиге шығатын самбодан үш дүркін әлем чемпионы, биыл дзюдоға ауысқан Ерболат Байбатыровқа ерекше үміт артып отыр.
Дзюдо федерациясы Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынынан зардап шеккендер қорына 830 мың теңге аударып, өз үлестерін қосты.