Оралда КСРО халық әртісі, атақты опера әншісі Р.Жаманованың 85 жылдығына орай шара ұйымдастырылды
Роза Үмбетқызы 1928 жылы 16 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айрылған ол Орал музыка училищесін 1949 жылы үздік бітіріп, Алматы қаласындағы консерваторияға оқуға түсті. Оны 1954 жылы бітіріп, әрі қарай Абай атындағы опера және балет театрында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Қазақтың талантты қызының тағы бір қыры - ұстаздық. 1987 жылдан бастап Р.Жаманова Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында сабақ берді. Ал 2008 жылдан бері осы консерваторияның ақылшы-ұстазы. Сан жылғы жемісті шығармашылық еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Тәрбиелік шараны аталмыш жоғары оқу орнындағы музей шолушысы Гүлнұр Күржімбаева ашып, қысқаша хабарлама жасады. БҚАТУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов Роза Жаманованың қазақ ән өнері, соның ішінде операдағы айрықша орнын атап көрсетіп, студенттерді отандық мәдениет үлгілерімен кеңірек танысуға шақырды. Жиында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің шолушысы Ләйлім Жұмағалиева баяндама жасап, атақты қазақ әншісінің өмір жолымен таныстырды. Жиналғандар әншіге арналған «Өмірі өрнекті, өнері өрісті» атты көрмені тамашалады.