Оралда қылмысты жасыру фактісі анықталды

Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, С.Ерекешева биылғы 4 сәуірде пәтерді жалға алушылар үйін тонағаны, қоқан-лоқы көрсеткен бірнеше телефон қоңырауы болғаны туралы қалалық ішкі істер басқармасының кезекшілік бөліміне шағым түсірген. Алайда 7 сәуірде учаскелік инспектор В.Тимченко қылмыс құрамы жоқ деп есептеп, іс қозғаудан бас тартқан. Аталған шешім С.Ерекешеваның қалалық ішкі істер басқармасының бастығы атына 7 сәуір күні жазған арызы негізінде қабылданған. Әйтсе де С.Ерекешева ешкімге шағым түсірмегендігін, мүлкі қайтарылмағандығын түсіндірді. Сот-қолтаңба сараптамасына сәйкес, аталған арызға С.Ерекешева емес, басқа біреудің қол қойғаны анықталды.
Қылмысты жасыру фактісі бойынша қала прокуратурасы ҚР ҚК 363-1-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, оны тергеу БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне тапсырылды.