Оралда мемлекеттік бағдарлама аясында 18 тұрғын үй жөнделуде

Тұрғындарға жаңа бағдарлама жайында толық ақпарат беру, оның жүзеге асу барысын әңгімелеу, түйінді түйткілдерді бірлесіп шешу мақсатында қала әкімдігі жанынан қала әкімінің орынбасары Владимир Дремасовтың төрағалығымен жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобы қаладағы көп пәтерлік тұрғын үйлердің тұрғындарымен 80-нен астам кездесу жиынын өткізді.
-Тұрғын үйлерді жөндеудің бірінші тетігі бойынша үйлерге толық кешенді жөндеу жүргізіледі. Ал, екінші тетік бойынша үйді бөлшектеп жөндеу қарастырылған. Бірінші тетік бойынша қаладағы үйлерді жөндеуге биыл республикалық бюджеттен бөлінген 120 млн. теңге трансферт оператор болып табылатын «Орал» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынның, екінші тетік бойынша бөлінген 275 млн. теңге арнайы құрылған оператор «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» МКК-ның есепшотына түсті. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізетін компанияларға құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құнының 30 пайызы алдын ала төленген, - деді «ТҮКШ жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Дмитрий Солодовников.
Ілкі жобаға енген үйлердің 13-і екінші тетік бойынша жөнделеді. Тұрғындардың ортақ шешімімен қажетті жөндеу жұмысының көлемі мен түрі анықталған. Көбінесе тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен төбе шатыры жөнделіп, инженерлік желілері ауыстырылып жатыр. Ал Алматы көшесі 109/1 және Садовая көшесі 65 мекенжайындағы екі үй «Орал» ӘКК арқылы кешенді жөндеуден, яғни бағдарламаның бірінші тетігі бойынша өтеді. Дмитрий Солодовниковтың айтуынша, үй шатырының ескілігінен зәрезап болған бұл үйлердің тұрғындары жаңарту бағдарламасына қатысуға қуана келіскен. Оның үстіне бұл үйлерді жөндеу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттамалары бұрыннан дайын болатын. Сонымен қатар Алматы көшесі 109/1 мекенжайындағы отбасылық жатақхана ұзақ уақыт бойы иесіз қалып, ескірген электр желісі, жертөлесі, кәріздік желісі тірлікке қолайсыздықтар тудырып келді. Енді биыл аталмыш жатақхананың төбе шатыры жаңартылып қана қоймай, ғимараттың өзі толықтай жаңғыртудан өтеді. Садовая көшесі 65 мекенжайындағы екі қабатты тұрғын үй де осындай жаңартудан өтіп, ажарлана түспек. Оған қоса бұған дейін болмаған орталықтандырылған жылу және су құбыры тартылатын болды. Биыл қаладағы ұзын саны бес тұрғын үй жаңарту бағдарламасының бірінші тетігі бойынша жөнделеді.
Екінші тетік бойынша Молдағұлова 9, Щурихин 40, Масин 48, Гагарин 101/1, Камышин 65, Солтүстік- шығыс 15/2, Карбышев 64, Еуразия 104/1 мекенжайындағы тұрғын үйлердің шатыры жөнделуде.
«ТҮКШ жаңғыртудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Д. Солодовниковтың айтуынша, үйлері ілкі жоба тізіміне енген тұрғындардың 50 пайызына тұрғын үй көмегі беріледі. Бүгінде қала әкімдігінің әлеуметтік қорғау бөлімі тұрғын үй төлемақысын аударуға кірісті.
Көп жылдар бойы күтімсіз қалған тұрғын үй қоры енді мемлекеттің қолдау-көмегімен жаңартылатын болды. Тұрғын үйді жөндеудің басқа жолы жоғын түйсінген тұрғындар жаңа бағдарламаны қолдауда. Биыл және келесі жылы қаладағы 1052 үйді терможаңарту және жөндеу жоспарланып отыр.