Оралда «Мемлекеттік тілім - мәртебем» атты тіл апталығы өткізілді

ОРАЛ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінде «Мемлекеттік тілім - мәртебем» атты тіл апталығы өткізілді.
None
None

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған апталық аясында өзге ұлт өкілдерінен құрылған арнайы оқу тобымен «Тіл мәртебесі - ұлт мәртебесі» атты үлгілі ашық сабақ ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Фатихолла Маштахов кіріспе сөзде мемлекеттік тілдің маңызын атап өтсе, сабақты осы бөлімнің оқытушысы Асылай Ғұбашева жүргізді. Үкілі домбыраның үнімен ауылдың алты ауызы айтылып, «Тойбастар» құрметі жасалып, «Шілдехана, бесіктой» әні шырқалды. Шілдехана, бесіктойының ерекшеліктері де сипатталды. Тыңдаушылар ата-әже, нағашы ата-нағашы әже, кіндік әке-кіндік ана, көршілері, бала мен келін деген сияқты образдарға еніп, өзара шағын ойын өткізді. Дастархан басында отырып, өзге ұлт өкілдерінің халқымыздың мақал-мәтелдерін айтып, қазақ тілінде бір-біріне жүрекжарды тілек айтуы да әдемі шықты. Ата рөлін сомдаған полиция майоры Руслан Галиев өзінің тұңғыш немересіне ат қойса, әжесі болған полиция капитаны Диляра Сатарова бесікті отпен аластап, тәп-тәтті немересін бесікке бөледі. Ырым бойынша бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылды. Нағашы атасы - полиция лейтенанты Павел Шурихиннің жиен немересіне «үйленгенге дейінгі» деген атаумен банктен ашқан есепшот куәлігін табыстауы, ал кіндік әкесі полиция аға сержанты Марат Яруллиннің сәбиге рухани азық болсын деген ниетпен «балалар энциклопедиясын» сыйға тартуы да көрермендерді көңілдендіре түскендей. Бесікке салу кезінде кіндік анасы - полиция аға лейтенанты Оксана Прошина «немереміз халқымыздың озық дәстүрі мен өнегелі өнерін үйренсін» деп үкілі тақия мен домбыра ұсынды. Әжесі бесікті тербетіп, бесік жыры айтылды. Сәбидің бауы берік болсын айта келген көршілерінің рөлін сомдаған полиция капитаны Наталья Канцева, полиция старшинасы Ирина Севрюгина жылы лебіздерін білдірді. Ал, сәбидің ата-анасы болған полиция аға лейтенанты Рустам Халилов пен Ольга Сұлтанова да келген қонақтарға зор ризашылығын білдірді. Сабақ ауыл ақсақалының ақ батасымен аяқталды. Сөйтіп, осынау шағын көріністе Ерсұлтан атты қазақтың батыр жігітінің азан шақырылып, аты қойылып, бесікке бөленді.

Шара соңында сөз алған кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Мусадиев сабақты қорытындылап, қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытындағы шаралар департаментте ұдайы өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар