Оралда министрдің қатысуымен саясаткер әйелдер бас қосты

ОРАЛ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - "Нұр Отан" ХДП БҚО филиалының мәжіліс залында Елбасы Жарлығымен бекітілген 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы аясында қолға алынған "БҚО саясаткер әйелдер клубының" алғашқы отырысы болды.
None
None

Ұйымдастыру жұмысының алғашқы отырысын облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жүргізіп отырды. Отырысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің бетке ұстар танымал қыз-келіншектерінің басын қосқан бұл алғашқы кездесуге осындай үлкен лауазым иелерінің қатысуының өзі клуб жұмысына серпін берері анық. Бүгінде елімізде билік басында жүргендердің 30-40 пайызын әйелдер құрайды екен. Қазіргі таңда әйелдердің Парламенттегі үлес салмағы 14 пайыз, мәслихаттарда 17 пайыз болып отыр. Өткен жылы Астана қаласында саясаткер әйелдердің тұңғыш клубы ашылған болса, бүгінде олардың саны артып келеді. Жиналғандар жаңа клубтың төрайымы етіп облыстық мәслихат депутаты Зинатбану Мусинаны бірауыздан сайлады.

Министр Гүлшара Әбдіқалықова клуб мүшелеріне сертификат табыс етіп, еңбектеріне жеміс тіледі.

Отырыстың екінші бөлімінде әлеуметтану ғылымының докторы Раушан Сәрсембаева "Көшбасшылыққа ерлер мен әйелдердің көзқарасы" атты тренинг өткізіп, гендерлік теңдік саясаты туралы кең мағлұмат берді.

Министрдің БҚО-ға сапары ертең де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар