Оралда Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған республикалық әншілер байқауы өтуде

Оның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов додаға қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Мұхит мұрасының мәңгілік екендігін атап өтті. «Мұхиттың өзі төре тұқымынан болғанына қарамастан, кедейлік қамытын кисе де, өнер жолына түсті. Кезінде мен де оны жырға қостым. Мыңғырған байлардан түк қалған жоқ. Ал Мұхиттың соңында өлмес әндері қалды. Сондықтан оның әндері халқымен бірге мәңгі жасай береді», деді ақын.
Әншілер сайысына Астана, Алматы қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 22 үміткер қатысуда. Оларға Түркістан қаласынан келген ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын бастаған өнер майталмандары қазылық етуде. Бірінші кезеңде қатысушылар Мұхиттың, Ғарифолла Құрманғалиевтің және халық композиторларының бір-бірден әнін орындап, сынға түсті. Қ.Бекбосын байқаудың екінші кезеңіне жиырма әншінің өткендігін хабарлады. 19 қазан күні республикалық дода қорытындыланып, жеңімпаз-жүлдегерлер гала-концертке қатысады.
Айта кетейік, Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар 20 қазан күні туған жері - Қаратөбе ауданында жалғасады.