Оралда «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 2144,4 млн. теңгеге төрт жылу және бір кәріз желісі жаңғыртылуда - А.Көлгінов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес Ұлттық қордан 2144,4 млн. теңге бөлініп, төрт жылу және бір кәріз желісін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жылу желілерін қазанда, кәріз желісін желтоқсан айында аяқтау көзделуде. Бұл туралы 5 тамыз күні Орал қалалық мәслихатының кезекті 36-сессиясында депутаттар алдында есеп берген шаһар басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті.
None
None

Биылғы бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жөнінде баян еткен Алтай Сейдірұлының сөзіне қарағанда, қала бюджеті 25 млрд. 678,7 млн. теңгені құраса, алты ай ішіндегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 46,8 млрд. теңгеге жетіп отыр.

Негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі 21 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 108,5 пайыз (19,4 млрд. теңге). Соның ішінде 4,4 млрд. теңге инвестиция республикалық бюджеттен құйылды. Ел бюджеті есебінен тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасақтау, жылу, сумен қамту және кәріз жүйесін жаңғырту жұмысы жүргізілуде.

2014 жылдың соңында ҚР Үкіметі бекіткен Орал қаласының жаңадан жасалған бас даму жоспарына сәйкес шаһарда 4 деталды жобалау аумағы (ПДП) қарастырылды. Олар: Зашаған кенті; С.Датов - Қызылжар көшелері және Әбілқайыр хан даңғылы - Московская көшесі аралығындағы тұрғын үйлер орналасқан ықшамаудандар; Зашаған кентінің Рыбцех ауылы маңындағы тұрғындар тұратын аумақ; қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Самал көшесі бойындағы аумақ. Бүгін таңда алғашқы екеуінде жұмыс қызу жүруде. Салтанат сарайы, теннис корты, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы іске қосылды. Жаңа алаңның, жастар мен оқушылар сарайының, жеке инвесторлар есебінен қос бірдей көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар көпбейінді қалалық аурухана бой көтеруде. Болашақта облыстық кітапхана, облыстық соттың ғимараттарын салу жоспарда бар. Зашаған кенті аумағында емхана, балабақша, дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталып келеді.

Индустрияландыру картасы аясында қалада 2010 жылдан бері жалпы құны 10 млрд. 929 млн. теңге болатын 22 жоба іске асырылып, бұл жаңадан 966 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Осы 22 жобадан мемлекет есебіне салық түрінде 5,2 млрд. теңге, соның ішінде жергілікті бюджетке 1,5 млрд. теңге түсім түсті.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өңірлік үйлестіру кеңесі 19,8 млрд. теңгенің 155 жобасын мақұлдап, нәтижесінде 1079 жаңа жұмыс орны пайда болды. Биылғы жыл басынан бері 1,2 млрд. теңгенің 26 жобасы қолдау тауып отыр.

Шаһарда биылғы 1 шілдеге 28398 шағын бизнес нысаны тіркелсе, соның 25184-і немесе 89 пайызы белсенді болып есептеледі. Мұндағы өсім - 4,5 пайыз. Бұларда 41646 адам еңбек етеді, бұл өткен жылғыдан 0,2 пайызға артық. Биылғы алты айда өндірілген өнім көлемі (35,1 млрд. теңге) де 3,8 пайызға көбейіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерліктен салық есебінде мемлекеттік бюджетке 7049,2 млн. теңге түссе, соның 2 467,2 млн. теңгесі жергілікті қазынаға аударылды.

Оралда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен бөлінген 2,9 млрд. теңгеге жалпы алаңы 30 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Астана күні мерекесі қарсаңында 486 отбасына жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді. Сондай-ақ апатты үйлердің мәселесін шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік пилоттық жобасы аясында екі көпқабатты (90 және 144 пәтерлік) тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлерді сол бұрынғы орындарында, яғни Деповская көшесі бойында «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС тұрғызуда. Оған қоса үйлерге инженерлік желілерді тартуға қажетті және үйлердің маңын абаттандыруды көздеген жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

Өткен жылдан бері қала көшелері жолдарын жөндеу де қарқынды жүргізілуде. Биыл 3,6 млрд. теңгеге ұзындығы 25 шақырымды құрайтын 15 көшенің жолын жөндеу көзделуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында сегіз тұрғын үй жөнделуде. Жыл аяғына дейін бес тұрғын үйдің төбесі күрделі жөндеуден өтпекші, екі тұрғын үйдің лифтісі ауыстырылып, тағы екеуінің қасбеттері реттелмекші. Бұл мақсатқа 74 млн. теңге бөлінген.

Басқа да салалардағы табыс-жетістіктерге тоқталған А.Көлгінов Елбасы тапсырмаларына сәйкес алдағы жұмыстардың одан да ауқымды екендігін жеткізіп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар