16:33, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Оралда облыс активінің жиналысы болып, «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінен туындайтын міндеттер атап көрсетілді
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Мамырдың 29-ында Батыс Қазақстан облысы аквтиінің жиналысы болып, онда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы «Нұр Отан» ХДП ХІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр сала алдына қойған міндеттерді атап көрсетіп, он жыл ішінде елдегі іргелілеу үрдісін Батыс Қазақстан облысының экономикалық көрсеткіштерінен де анық аңғаруға болатынын айтты.
Айталық, өңірде аймақтық жалпы өнім өндіру көлемі он жыл ішінде 53 млрд. теңгеден 838 млрд. теңгеге жетті. Бұл - әрбір жан басына шаққанда 85 мың теңгеден 1 млн. 6 мың теңгеге ұлғайды деген сөз.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 10 млрд. теңгеден 950 млрд. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдері орта есеппен жылына 5-6 пайызға өсіп отырды. Тамақ өнеркәсібі және өңдеу кәсіпорындарының өндіріс көлемі 6 есеге өсті.
Осы жылдар ішінде облыс экономикасына 1 триллион 391 млрд. теңге инвестиция тартылды.
Елді мекендерді таза сумен қамту жақсарды. Бүгінгі таңда облыс елді мекендерінің 61 пайызы таза сумен қамтамасыз етілді. Осыдан он жыл бұрын бұл көрсеткіш тек қана 28 пайыз болатын.
Сондай-ақ осы он жыл ішінде 132 ауыл табиғи газға қосылды. Немесе газбен қамту 44 пайыздан 72 пайызға жетті. Ал селолық жерлерде 9 пайыздан 41 пайызға өсті.
2005-2008 жылдары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында облыс бойынша 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 10 мыңға жуық батысқазақстандық жаңа пәтерге ие болды.
Облыс бюджеті он жылда 9 есеге артты. 1999 жылы бюджеттің шығыс бөлігі 8 млрд. теңге болса, 2008 жылы ол 74 млрд. теңгеге жетті.
Инфрақұрылымдық кешен мақсатты дамып келеді. Соңғы он жыл ішінде 41 білім беру нысаны, оның ішінде 33 мектеп, 63 денсаулық сақтау, 5 мәдениет нысаны жаңадан салынды.
Экономикалық көрсеткіштердің оңды серпіні халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етті деуге болады. Орташа айлық еңбекақы мөлшері 7 есеге, орташа жан басына шаққандағы айлық ақшалай кіріс 11 жарым есеге өсті.
Осындай табыстармен қатар дағдарысқа қарсы шаралардың да атқарылып жатқанын жеткізген облыс әкімі алда тұрған мақсат-міндеттерге де кеңінен тоқталды.