Оралда «Орал» кемесі суға түсірілді

Оған қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сергей Громов аталмыш кемені құрастырған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ ұжымын осынау еңбек табыстарымен құттықтап, алдағы уақытта да заман талабына сай келетін, жетілдірілген өнімдер шығару жолында сәттілік тіледі. Сыйымдылығы 250 тоннадай «Орал» кемесі Каспий теңізінде ел шекарасын күзетпек.
«Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас директоры Вячеслав Валиевтің сөзіне қарағанда, өткен жылы дәл осындай уақытта «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кораблі суға түсірілсе, биыл «Орал» жолға шықпақ. Бұл - зауыттан шығарылып отырған он тоғызыншы кеме. Болашақта «Зенитте» сыйымдылығы 700 тоннаға дейін жететін, технологиясы мен қару-жарағы жағынан бұдан да қуатты кеме шығаруға мүмкіндік бар. Бұған тәжірибе жеткілікті. Өйткені зауыт кеме құрастырумен 1993 жылдан бері айналысып келеді. Соған сәйкес кемелердің сыйымдылығы да, құрылым мен сапасы да жыл сайын артып келеді. «Орал» қару-жарақ тұрғысынан және техника-технологиялық мүмкіндігі жағынан «Зениттің» былтырғы өнімі «Қазақстаннан» да артық.