12:38, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Оралда Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы мәреге жетті
ОРАЛ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәстүрлі сайысқа бұл жолы он үміткер қатысты. Жарысқа қатысушылар поэзиялық, сонымен қатар прозалық туындыларды да мәнерлеп оқып берді. Бәйге қорытындысында өзгелерден оқ бойы озық шыққан М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Гүлдана Оразалиева бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінен Мөлдір Молдағалиева - бірінші, №2 облыстық балалар ауруханасының қызметкері Бұлды Қасымова - екінші, Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінен келген Жансая Науатова үшінші орынды еншіледі. Барлық қатысушылар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.