13:04, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Оралда оралмандарды еңбекке орналастыру мәселелері талқыланды
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда «БҚО оралмандары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оралмандарды еңбекке орналастыру мәселелері талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті БҚО бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Сәуле Шоланбаеваның айтуынша, 1993 жылдан бері Батыс Қазақстан облысына 14 мыңнан астам оралман келген. Аталмыш жиында тиісті мекемелер өкілдерінің қатысуымен оралмандардың жұмыспен қамтылуы, жаңа ортаға бейімделуі, өз құқықтарын білуі, оларға қарастырылған жеңілдіктер сөз болды. Мысалы, олар жұмыспен қамту органдарына көп тіркеле бермейді. Биылғы жыл басынан бері соған барған жиырма адамның жетеуі еңбек орнын тапқан да, екеуі оқуға жіберілген.
Атажұртқа оралғандардың бірқатары жер алып, бау-бақша өсірумен айналысқысы келеді. Оралда жер телімін алу мәселесі қиындау болғанымен, аудандарда бұл біркелкі шешілген. Ал шаруа қожалығын құрып, өз кәсібін жүргіземін деген азаматтар үшін облыс бойынша көші-қон қоры жасақталған. Оралман мәртебесін алғаннан кейін әркім де Қазақстан азаматтарымен бірдей әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы және басқалай көмек алуға құқылы. Бұрын оралмандарды жұмысқа алу мәселесі кешіктіріліп келсе, кейін Үкімет қаулысына сәйкес әлеуметтік жеке коды мемлекеттік зейнетақыны төлеу орталығынан берілетін болды. Сөйтіп олар азаматтық алғанын күтпей-ақ еңбек орнын таба алады. «Жол картасына» сәйкес атқарылар жұмыс қаншама. Яғни мүмкіндік мол. Жиында осы мәселелер әңгіме арқауына айналып, Елбасыдан бастап жергілікті атқарушы биліктің де отандастарға оң көзімен қарап, қамқорлық көрсетіп отырғаны атап өтілді.