Оралда ораза айына байланысты көшпелі көрме ұйымдастырылды

ОРАЛ. 4 тамыз. ҚазАқпарат - 3 тамыз күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен облыстық мешіт жанында ораза айына байланысты көшпелі көрме ұйымдастырылды.
None
None

Оны жұма намазына жиылған әр түрлі жастағы жамағат тамашалай алды.

Көрмедегі заттар белгілі бір тәртіппен орналастырылған. Мысалы, ең әуелі XIX ғасырда ата-бабаларымыз қолданған құман, шылапшын, одан кейін лауыққа орналастырылған сол заманның құран кітабы (лауық - үстіне құранды қойып, оқуға арналған ағаштан жасалған құрал) қойылған. Бұл «алдымен дәрет ал, онан кейін құранды ұста» дегеннің ишарасы.

Сондай-ақ арап әрпімен «Құтуг болсын» (құтты болсын) деген тілек жазылған Алтын Орда заманында қолданыста болған күміс тиындар, XIX ғасырдағы Мұхтасар кітабы, сол кезеңде жазылған «Шариғат туралы әр түрлі түсініктер» жинағы, «Ясын-36» хадистер жинағы, 1892 жылы арап әрпімен жарық көрген «Этика нормасы» кітабы, 1896 жылы баспадан жарық көрген медресеге арналған оқулық, 1902 жыл Петерборда басылған исламдық ғибадат кітабы, 1903 жылы шыққан «Халықты басқару туралы кітап», 1905 жылы баспадан шыққан араб тіліндегі «Мұхамедия» кітабы, XIX ғасырда өмір сүрген Абдолла есімді молданың шапаны, сол ғасырға жататын күміс белдік, қамшы, тасбих, кеңес дәуірінде баспалардан жарық көрген Әл-Фараби трактаттары, Шыңғырлау ауданы, Тіксай елді мекенінде мешіт ұстаған Салахатдин хазіреттің шәкірті Бисенғали Сағынбаевтың «Имандылық туралы қолжазбасы» секілді аса бағалы жәдігерлер қойылған.

Көрмеде қысқаша жазылған тарихи деректер де ұтымды көрініс тапқан. Мысалы, астына «Терещенко С. «Дешті қыпшақтың іздері және Ішкі орда». Москвитянин 1853 ж. т.6. № 22 қараша» деп жазылған еңбекте: «Жәңгір өзінің қазақтарының арасынан шыққан молдалардың санын өсіру үшін біраз күш-жігерін жұмсады. Ол балалармен қатар үлкендерді де Орынбор діни мектептеріне және ең жақсы молдаларға оқуға берді. Жәңгірдің 20 жылға созылған еңбегінің нәтижесінде қазақ молдалары бас мешіттегі және барлық ауылдардағы молдалардың орнын басты. Қазіргі күні хан ордасында бірнеше молда мен ахун бар, ал Ордада 170 үйге бір-бірден келетін жалпы саны 139 молда бар», делінген.

Соңғы жаңалықтар