Оралда өрт кезінде тұрғындарды құтқарған әскери қызметкерлер марапатталды

Майор Ерболат Сұлтановтың хабарлағанындай, 11 қыркүйек күні Оралдың «Солтүстік-Шығыс» шағынауданындағы 23-үйдегі өрт кезінде 5517-әскери бөлім қызметкерлері 15 адамды ажал тырнағынан алып қалған. Алдымен тоғыз қабатты үйдегі өртті капитан Сырлыбек Қуанғали байқап, сол бойда кезекшілер, аға лейтенант Нұржан Ибраев пен лейтенант Тұрсынбай Акбаровқа белгі береді. Құтқару жұмысына төрт әскери наряд қатысады. Нәтижесінде 15 адам, соның ішінде төрт жасар және он жасар екі бала, екі жүкті әйел қауіпсіз жерге шығарылады.
Осы өрт кезінде ерлік көрсеткендерге алғысхаттар, грамоталар, «Батыс құраманың үздігі» кеудебелгісі, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
ҚР ІІМ ішкі әскерлері Батыс құрамасының командирі, полковник Бауыржан Әбжановтың атап өткеніндей, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын жылда қоғамдық қәуіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге жауынгерлер өз үлестерін қосып келеді. Ішкі әскерлер еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 25 күннен соң, 1992 жылы 10 қаңтарда құрылған болатын. Қазіргі уақытта Батыс құраманың жеке құрамы «Ішкі әскерлер туралы» ҚР Заңында белгіленген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Соның ішінде ерлік көрсеткендерден қатардағы жауынгер Ербол Отарбаевтың есімі ерекше аталады. 2010 жылы 22 маусымда күзетте тұрған Е.Отарбаев 21 қарулы қылмыскерге бірінші болып қарсы тұрады. Атыс кезінде жараланған ол сотталған үш адамның қашып кетуіне мүмкіндік бермей, сытылып кеткендерді шұғыл іздестіруге жағдай жасайды. Прапорщик Салауат Үмбетқалиев құрамында қатардағы жауынгер Дильшат Әшімов бар топпен қылмыскерлерді жедел табады.
Осы ерліктері үшін Ербол Отарбаев пен Салауат Үмбетқалиев үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталса, Дильшат Әшімовке «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі табыс етіледі.
Аталмыш әскери бөлім жауынгерлері биылғы су тасқыны кезінде де құтқару жұмыстарына белсене араласты.