Оралда өткен конференцияда Елбасының ерен еңбегі аталып өтілді (ФОТО)
Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ мемлекетін құрудағы еңбегі өлшеусіз екендігін, ширек ғасырға жуық уақыт ішінде талай шыңды бағындырған еліміздің әлемдік аренада өзінің лайықты орнын иеленіп отырғандығын атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен қатар жаңа Жолдауында жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайында Қазақстан алдында тұрған қадау-қадау міндеттерді айқын көрсетіп берді. Ендігі мақсат - Жолдауда көтерілген басты бағыттар бойынша аянбай жұмыстанып, алдағы міндеттерді абыроймен атқара білу. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан халқының игілігін молайтуға бағытталған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Қазақ елінің әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына қосылуының нақты тетіктері көрсетілген. «Нұрлы жол» бағдарламасына орай да табысты жұмыстар жалғасатын болады.
Конференцияда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова Елбасының саясаткерлік тұлғасына тарихи тұрғыдан тоқталса, «Ақжол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қайыржан Идиятов, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС директоры Асқар Ажаев, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ бөлім басшысы Ольга Бедова Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жаңа экономикалық саясаттың игі жеміс беріп отырғанын атап өтті. Жаңақала ауданы Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Мұхамбетжанова Елбасының қолдауы арқасында ауылдық жерлерде де әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі, АҚШ азаматы Том Лум қазіргідей күрделі кезеңде Қазақстанда Президенттің бастауымен жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып өсуі үшін оларға кемел білім беруге айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. Назарбаев зияткерлік мектептері - соның нақты дәлелі. Оралдағы Назарбаев мектебінде ертең ел тұтқасын берік ұстайтын дарынды жастар тәрбиеленуде. Соның бірі - Том Лумның шәкірті, шалғайдағы Қазталов ауданы Көктерек ауылынан бұдан үш жыл бұрын келгеніне қарамастан, ерекше қабілетімен көрініп үлгерген Ернұр Қалихан. Оның жасы қазір 14-те, өз қатарынан озып кетуінің арқасында 8-сыныптың орнына 10-сыныпта білім алуда. «Елбасы мектебінде оқу құрбыларым секілді мен үшін де - үлкен бақыт. Қазірдің өзінде үш тілді меңгерудемін, түрлі сайыстарға қатысып жүрмін. Болашақта АҚШ-тағы Массачусетс университетінде білім алып, ғарыш саласының маманы атанғым келеді», деді Е.Қалихан.