Оралда пара алған азаматтар бас бостандығынан айрылды
2009 жылғы шілдеде май құю стансасының иесі, жеке кәсіпкер А.Ахметжанов мұнай өнімдерін сақтау нысанын (май құю стансасын) пайдалануға лицензия алу жөнінде Б.Қуаншалиевтен түсінік алуға барған. А.Ахметжанов бөлім бастығымен болған әңгімеден кейін қысқа мерзім ішінде лицензия алу мүмкін еместігін түсініп, мемлекеттік лицензияны ресімдеу бойынша бұдан кейінгі іс-әрекеттерді жүзеге асыруды сенімхат негізінде Т.Хабиевке тапсырған. Т.Хабиев лицензия алу мәселесі бойынша қайта жолыққан кезде Б.Қуаншалиев пара алу мақсатында лицензия беру қызметінің құны 200 мың теңгені құрайтынын және ақшаны өзіне беруі тиіс екенін айтқан. Бұған Т.Хабиев келіскенімен, кейіннен Б.Қуаншалиевтің талабы заңсыз екенін түсініп, қаржы полициясы органдарына арыз берген.
Бұдан басқа Б.Қуаншалиев ақша қаражатын алу үшін өзінің танысы Т.Уталиевті тартқан және оны Т.Хабиевке май құю стансасының біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды жинақтауға көмек көрсететін тұлға ретінде таныстырған.
2009 жылғы шілденің 17-сінде Т.Уталиев Т.Хабиевтен 50 мың теңге алып, Б.Қуаншалиевке берген. Б.Қуаншалиев 2009 жылғы тамызда Т.Хабиевтен параның қалған сомасын алу кезінде қаржы полициясы қызметкерлерінің қолына түсті.
Орал қалалық сотының үкімімен Б.Қуаншалиев ҚР ҚК 311-бабы 2-бөлімімен (пара алу) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айыруға, 3 жыл сынау мерзімін белгілеуге сотталды.
Т.Уталиев ҚР ҚК 313-бабы 1-бөлімімен (пара алуда делдал болу) қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, шартты түрде 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, 1 жыл сынау мерзімін белгілеуге сотталды.