Оралда пара алған учаскелік инспектордың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Ол Орал қалалық ішкі істер басқармасы учаскелік инспекторы қызметін атқара жүріп, Б-дан 20 мың теңге көлемінде пара алған.
Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның хабарлағанындай, жедел-іздестіру шаралары барысында 2010 жылғы маусымда 2008 жылы ҚР ҚК 178-бабы 2-бөлімі бойынша (тонау) бас бостандығынан 4 жылға айырылған Б. мерзімінен бұрын шартты түрде босатылып, БҚО ауылдарының бірінде тұрғаны, 2011 жылғы қаңтарда тұрып жатқан жерінде жұмыс болмауына байланысты, Орал қ. көшіп келіп, жұмысқа орналасқаннан кейін, Орал қалалық ішкі істер басқармасына есепке тұрғаны анықталды.
Учаскелік полиция инспекторы Б-дан ай сайын пара түрінде 20 000 теңге көлемінде қаржы төлеуін талап еткен. Егер бұдан бас тартқан жағдайда бас бостандығынан айыру орындарынан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандарға қойылатын талаптарды бұзғаны үшін оған қатысты материал жинақталып, бұл Б-ның бас бостандығынан айыруға әкелетінін айтып қорқытқан.
Б. учаскелік инспектор іс-әрекетінің заңсыз екенін түсініп, қаржы полициясына арыз берген.
2011 жылғы наурызда А. Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарының аумағында пара алғаннан кейін қолға түскен.
Аталған факті бойынша А-ға қатысты ҚР ҚК 311-бабы 2-бөліміне сәйкес (пара алу) қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.