Оралда Президент шыршасы өткізілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының шақыруына ие болған 150 өреннің дені облыс аудандарынан келген. Орал қаласындағы «Жас дәурен» балалалар кешені, облыстық сауықтыру мектеп-интернаты, балалар ауылы, Январцевтегі балалар үйінің тәрбиеленушілері де театрландырылған салтанатты кештің құрметті қонағына айналды.
Биылғы Президент шыршасының басты ерекшелігі - Қазақстанды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымағын дәріптеуі. Жаңажылдық шырша шамын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге жаққан балалар Аяз ата мен Ақшақарға арнап өнерлерін көрсетті. Ертегі кейіпкерлерінің мерекелік қойылымын тамашалады. Елбасының батысқазақстандық ұландарға жолдаған құттықтау жеделхатын оқып берген облыс басшысы әр балаға құны 50 мың теңгені құрайтын сый-сияпат тарту етті.
Жаңа жыл қарсаңында қысқы киім, спорттық киім, оқу құралдары, тәттілерге ие болған балғындар Елбасына дән риза. Бір күн бұрын түнгі қаланы аралап, мұз сарайы мен жүзу бассейнінде демалған балалар шырша салтанаты аяқталған соң мұражайларды аралап көрді.