11:22, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Оралда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай шаралар өткізілуде
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай шаралар өткізілуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облысының мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Жүрек естелігі» атты дөңгелек үстел отырысына 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандардың ұрпақтары, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Альфия Байболсынова ел тарихындағы сол бір зұлмат кезеңде халықтың қандай зардап шеккенін, Қазақстанның дамуына қаншалықты кері әсері болғанын таратып айтып берді. Қазталов, Жаңақала аудандарында басшылық қызметтер атқарған Есет Тоқсановтың ұлы Вилен, Жаңақала аудандық қаржы бөлімінің бухгалтері болған Кәрім Бірімжаровтың ұлы Азекен, халық мұғалімі Төлеген Иманғазиевтің немересі Қайыржан Хасанов жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған әкелері мен туыстарын еске алып, отбасыларының көрген қиыншылықтарын айтса, Анатолий Ким мен Қазақстанға жер аударылған шешен отбасының мүшесі, бұрынғы мұрағат қызметкері Мұхтар Бокаев туған жерлерінен зорлықпен көшірілген халықтардың басынан өткізген азабына тоқталып, оларға көрсеткен қамқорлығы үшін қазақ еліне ризашылықтарын білдірді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған шаралар мамырдың 31-інде жалғаспақ.