Оралда шорт-тректен жасөспірімдер арасында Қазақстанның жекелей біріншілігі мәреге жетті

Спорт сарайындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу-спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары Татьяна Копылованың айтуынша, үш күнге созылған чемпионатқа Алматы қаласынан, Қарағанды, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 95 спортшы қатысып, бақ сынады. Соның ішінде БҚО-дан 26 қыз-бозбала сынға түсті.
Бұл сында аға жастағы жасөспірімдер арасында Қостанай облысынан келген Мадияр Нұрпейісовтің үздік өнер көрсеткенін айту керек. Ол 1500, 1000, 500 метр қашықтықта топ жарып қана қоймай, кейін суперфиналда да алдына жан салған жоқ. Тағы бір қостанайлық Ольга Тихонова 1500 және 1000 метр қашықтықта үздік шықса, оның жерлесі Татьяна Азимова 500 метрде және 1500 метрлік суперфиналда жеңімпаз атанды. Орта жастағылар арасында 1000, 800, 500 метрлік қашықтықта және суперфиналда қостанайлық Мерсаид Жақсыбаев пен батысқазақстандық Анита Нагай өздерінің басқалардан мойны озық екендігін дәлелдеді. Кіші топтағылардан қостанайлық Еркебұлан Шамұханов пен батысқазақстандық Ғалия Жұмағазиева 800, 500, 333 метрлік және суперфиналда бірінші келді. БҚО-дан Айбек Қадыров, Әділ Ғалиахметов, Хамза Қонысов, Бауыржан Ахмедияров, Жанна Ғабдрахмановалар да түрлі қашықтықтарда күміс, қола жүлдеге қол іліктірді.
Эстафеталық сында қостанайлық бозбалалар үш жас ерекшелігіне қарай өткен 3 мың және 2 мың қашықтықтарда бас жүлдені жеңіп алды. 2 мың метрлік эстафетада қостанайлық бойжеткендер аға жастағылар арасынан бірінші келсе, орта топтағылардан қарағандылық, кіші топтан батысқазақстандық қыздар озды.
Жақсы ұйымдастырылған жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен марапатталды.
Т.Копылованың сөзіне қарағанда, 24-26 ақпанда Австралияның Мельбурн қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында батысқазақстандықтар Ринат Мәженов, Айдар Бекжанов, Гүлнұр Ғаниевалар ел намысын қорғады. Сондай-ақ қаңтар айында Қостанай қаласында өткен ел біріншілігінің қорытындысына сәйкес батысқазақстандықтар Нұрберген Жұмағазиев пен Ксения Мотова Қытайдың Шанхай қаласында 9-11 наурызда болатын ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Шорт-тректен ұлттық құраманы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптап келеді.