Оралда спорт күніне орай жиын өткізілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, жаңа табыстар тіледі. Бұдан кейін сөз спортшылар атынан дзюдодан ҚР спорт шебері Алмагүл Орынғалиеваға, жаттықтырушылар атынан Елена Плотниковаға және ардагерлер атынан Қамеш Исмағұловқа берілді.
Салтанатты рәсім соңында жылдың үздік спортшылары ретінде танылған самбо күресінен екі дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыровқа, байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы, Бейжіңдегі олимпиада ойындарына қатысушы Алексей Дергуновқа, шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиевке бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Үздік жаттықтырушылар Райбек Меңдіғалиев, Александр Акунишников, Мәдіғали Қарсыбековтердің еңбектері де арнайы кәдесыймен атап өтілді. Салтанатты шарада Ақ Жайық спортының дамуына айрықша үлес қосып жүрген бір топ азаматтарға ҚР Туризм және спорт министрлігінің Құрмет грамоталары, Спорт комитетінің алғысхаттары табыс етілді. Сондай-ақ спортты белсенді насихаттайтын журналистер қауымына да марапат көрсетілді.