Оралда суретшілердің «Алтын қайық» көрмесі ашылды

Көрме Батыс Қазақстанда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның негізгі ұйымдастырушысы және демеушісі - өнердің жанашыры, суретші Нұрберген Дәулетов басқаратын Атырау қаласындағы «Жерұйық» мәдени-қоғамдық қоры. Көрмеге қатысқан жұмыстарды сараптап, жүзден жүйрік таңдап алған қазылар алқасында елімізге белгілі суретші Әділхайыр Жантасов, суретшілер Нұрберген Дәулетов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Ақтөбе көркем-сурет музейінің директоры Марат Ғабдырахманов, Атырау қаласынан шығатын «Алтын қайық» газетінің бас редакторы Қаршыға Көшеков болды.
Суретшілердің жұмысы бейнелеу өнері, кескіндеме, графика, сәндік қолданбалы, мүсін өнері бойынша сараланды. Облыстың төрт суретшісі Қуандық Мәдір, Қайыр Оразғалиев, Асқат Әбдешов және Нұрбек Жәрдемов жеңімпаз атанды. Көрменің жалғасы алдағы маусым айында Ақтөбе, шілде айында Ақтау қалаларында өтеді. Аймақтардан іріктелген 16 суретші желтоқсан айында Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау қаласында өтетін қорытынды көрмеге қатысады.