Оралда суретшілердің халықаралық «Жазира Жайық-2012» көрме-байқауы өтеді
Шараны ұйымдастырушы «Өнер» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Қуандық Мәдірдің айтуынша, аталмыш көрме Орал қаласында төртінші жыл өткізіліп отыр. Бастапқыда облыстық деңгейде болса, былтырғы жылдан мәртебесі халықаралық дәрежеге көтерілді. Көрменің негізгі мақсаты, көрші ел - Ресеймен арадағы шынайы ынтымақтастық, достықты өнер, мәдени байланыстар арқылы бекіте түсу, тәжірибе алмасып, осының бәрінің дәстүрлі сипат алуына ықпал ету. Аталмыш сурет көрме-байқауы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Мәдени-тарихи мұраны қорғау» жобасы бойынша БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Бұл көрмеге есімдері елге белгілі маман-тұлғалар қатысады. Соның ішінде алты Алашқа аты мәлім Илья Жақанов, Табылды Мұқат және басқалар бар. Көрме-байқауды ұйымдастыру жөніндегі комиссия Ресейдің көршілес облыстарына шығып, ондағы суретшілермен пікірлесті, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе қалаларындағы көркемсурет галереяларында болып, өнертанушылармен жүздесті, Алматы, Астана қалаларына іс-сапармен барды, нәтижесінде көрмеге көптеген кәсіби суретшілердің туындылары қойылатын болады, оны өнер сүйер қауым 20 күн бойы тамашалауға мүмкіндік алады.
Аталмыш көрмеге Ресейден - 10, Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстарынан - 4, Батыс Қазақстаннан 20 суретші қатысады деп жоспарланды. Көрмеге 34 суретшінің 90-нан астам шығармасы қойылмақшы, жеңімпаздарға 12 аталым бойынша жүлделер тағайындалды. Сонымен қатар жекелеген кәсіпкерлер мен сурет өнерін қадірлейтін азаматтардың да белгілеген сыйлықтары бар. Әділқазылар алқасы білікті мамандар мен өнертанушылардан тұрады, олар - көптеген конкурстарға қазылық еткен тұлғалар.