Оралда тау туризмінен атақты альпинист М.Жұмаевтың жүлдесі үшін жарыс өтуде
Қазақстан альпинистері құрамасының капитаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсот Жұмаевтың жүлдесі үшін Оралда тау туризмі мен шыңға өрмелеуден облыстық жарыс өтуде.
Осыған орай М.Жұмаев туған жеріне келді. Мақсот Жұмаев Теректі ауданында туып-өскен. Ол - әлемдегі барлық 14 сегізмыңдық шыңды бағындырған тұңғыш қазақ жігіті. Дүние жүзіндегі үздік альпинистердің бірінен саналатын М.Жұмаев баспасөз мәслихатында өзінің өмір жолы, шыңдарды бағындырған кездердегі бастан кешкен қиямет-қиындықтары жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ тау туризмімен айналысып жүрген жас жеткіншектермен кездесіп, аталмыш орталыққа өзімен бірге шыңдарға алып шыққан еліміздің туын тарту етті.
Орталық директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, Мақсот Жұмаевтың жолын қуғысы келетін жасөспірімдер Батыс Қазақстан облысында да аз емес. Әсіресе, Ақжайық ауданының оқушылары тау туризмінен республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Бұл бәсекеде де қатысушылар шыңдалып, шарболаттай қайрала түсетін болады. Аталмыш сайыс енді дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бермекші.