Оралда тіл туралы бағдарламаның жобасы талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысында жоғары және арнайы оқу орындарының жетекшілері мен жастар ұйымдарының көшбасшылары бағдарлама жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ихсанғали аталмыш бағдарламаның жобасын дайындау барысында отыздан астам мемлекеттің тіл саясатын құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенгенін мәлімдей келе, алдағы онжылдықта елдегі қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблемалық мәселелерді қозғады. Ең алдымен, бұл - қоғамдағы тілді меңгеру деңгейінің әркелкілігі. Екіншіден, елдің қоғамдық саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі. Үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі және шетел тілдерін меңгеру қарқынының баяулығы. Аталмыш бағдарлама жобасы осы түйткілдерді жүйелі шешуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық, саяси, әлеуметтік салалар мен кәсіпкерлікте батыл қолданысқа енгізіп, республиканың әр азаматының өмірлік қажетіне айналдыру. Жобада ұсынылып отырған мемлекеттік тілді меңгерудің пирамида тектес алты деңгейлі жүйесі еуропалық тәжірибеге негізделген.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиевтің пайымдауынша, бағдарлама жобасында көпсөзділік пен қайталаушылық көп. Тіл маманы бұл бағдарламаны дайындау кезінде халықаралық тәжірибеге көбірек сүйенгендіктен болар деген болжам айтады. Міндет пен мақсат нақты қойылғанымен, нәтижеге жету жолдары шашыраңқы деп санайтын ол, әсіресе, жобадағы қазақ тілін оқыту әдістемесінің деңгейі төмен деген тұспен келіспейді. Ойдан ой туады. Шыны керек, қазақ мектептерінде ағылшын тілі оқытыла бастағалы қашан? Ал осы ағылшын тіліне соңғы жылдары үлкен қажеттілік пайда бола салысымен, ешқандай әдістемесіз-ақ жастарымыз жаппай үйрене бастағанын көріп жүрміз.
-Ұмыт қалған мына жайтты ескерсек. Қазақ тілінің қазақ мектептерінде оқытылуы жайы жобада көрсетілген стандарттарға сәйкес келмейді. Өйткені бұл Страсбургте 2001 жылы қабылданған шет тілін оқытуға арналған стандарт. Арнайы жүргізілген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, қазір қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту сапасына көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. Түлектердің білім деңгейі ҰБТ арқылы тексерілуде, бірақ жастардың қазақ тілін қолдану мәдениеті мәз емес екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Бағдарлама жобасында жазу мәдениеті мәселесі дұрыс көтерілгенімен, оны шешу бағыттары екіұштылау, тіпті бұлыңғыр. Меніңше, орфографиялық ережелерде енгізілмеген терминдерді қолдануда қазақ тілінің нормаларын сақтау мүмкін емес, - деп түйіндеді ойын Болат Жексенғалиев.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Ажар Нұралы жастарға бағдарламаны бір оқығаннан түсіну өте қиын екенін айтады.
«БҚО жаңа толқыны» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Сатқанов мемлекеттік тілді міндеттеу тетіктерін ойластыруды ұсынса, тіл жанашыры Мақсот Берген «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдауды және бағдарламаны он жылға созбай-ақ, қысқа мерзімнің ішінде жүзеге асыруды ұсынды. Кеңеске қатысушылар мемлекеттік тіл басқару, заң шығару және қоғамдық қатынас тілі ретінде қолданылмай отыр деп ашық көрсету, кейбір мақсат-міндеттерді қазақ тілінде қайтадан жазып шығу, орыс, ағылшын және өзге де шетел тілдері туралы баптарды біріктіру туралы да ұсыныстар түсірді.