Оралда тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның жобасы талқыланды

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық бөлімшесінің төрағасы, «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Болатқали Жексенғалиевтің атап өткеніндей, жаңа жоба республикалық деңгейде екі рет талқыланған. Бағдарламаның басты мақсаты-мемлекеттік тілді барлық ел тұрғындарының өмірлік қажетіне айналдыру. Яғни, 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 80 пайызы (ересектер) қазақ тілін толық меңгерулері қажет. Мұның басқа жағдаяттармен қатар, Отанымыздағы қоғамдық-саяси тұрақтылық үшін де маңызы зор. Әзірге қазақ тілінің қоғамдық өмірде лайықты орнын таппауы тіл үйретудің сапасынан емес, мемлекеттік идеологияның әлсіздігі мен қажеттіліктің кемшіндігінен болып отыр. Соның бір келеңсіз нышаны - өзге ұлт мектебінде білім алатын қазақ баласының саны азаймай келеді. Олай болса, мемлекеттік тіл басқару қызметінің қажетіне айналмай, ешқашан көсегесі көгермейді. Ал әзірге бұл істе қолдан жасалған кедергілер басым. Тағы бір ұсыныс - мемлекеттік тілді жетік меңгеруді мемлекеттік қызметкерге қойылатын біліктілік талаптарының қатарына енгізу керек. Әсіресе, мұның құқық қорғау орындарына, түрлі деңгейдегі депутаттарға, мемлекеттік басқару ісінің қызметкерлеріне тікелей қатысы бар.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаев бағдарлама жобасын толық қолдайтынын айтып, өзге ұлт өкілдері тарапынан мемлекеттік тілге ықыластың жыл өткен сайын артып келе жатқанын және биыл жүздеген өзге ұлт ұл-қыздарының қазақ мектебінде оқуға құштарлық танытып отырғанын жеткізді.
Талқылауға сондай-ақ еңбек ардагерлері Асқар Атаев пен Әділғазы Нұрғалиев, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының проректоры Мұрат Сабыр және басқалары қатысты.