Оралда ұлттық спорт түрлерінен жарыс мәреге жетті
Жарысқа он екі ауданнан 414 спортшы қатысып, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату, көкпар, аударыспақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу, «Керемет сәйгүлік», «Сәнді киіз үйлер», барлығы 10 ұлттық спорт түрінен бақ сынады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» Жолдауын жүзеге асыру бағытында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатын көздеген жарыс қорытындысында тоғызқұмалақ пен қазақ күресінен Сырым ауданы жеңімпаз атанды. Асық атудан жаңақалалықтар алда болса, көкпар мен жамбы атудан, теңге ілуден зеленовтықтар ешкімге дес бермеді. Аударыспақтан бөрліліктер барлығын аударып тастаса, жекпе-жектен қазталовтықтар әбжілдік танытты. «Керемет сәйгүліктен» шыңғырлаулықтар, «Сәнді киіз үйлерден» сырымдықтар озды.
Жалпыкомандалық есепте Зеленов ауданы үздік шықса, Бөрлі - екінші, Қазталов үшінші орынды иеленді.
Бас төреші Дастан Мырзағалиевтің айтуынша, жарыс ойдағыдай өтті, жеңімпаз-жүлдегерлер медаль, дипломдармен марапатталды. Ешқандай оғаш оқиға орын алған жоқ.
Облыстық кезең жеңімпаздары қазан айында Қызылордада өтетін республикалық фестивальге қатысады.