Оралда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай «Суретшілер тартуы» портреттер галереясы ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көрмеде оралдық қылқалам шеберлері Инган Жұбанғалиев, Қуандық Мәдір, Бекжан Жұмабаев салған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің портреттері қойылған. Бұлардың арасында Кеңес Одағының Батырлары Ахмедияр Құсайынов пен Садық Жақсығұлов, биылғы Мәскеудегі Жеңістің 65 жылдық мерекесіне қатысатын Бисен Жұмағалиев пен Иван Гапич және басқаларының бейнелері бар.
Көрменің ашылуына орай Орал қаласы әкімінің орынбасары Талғат Нығметов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірхан Қарасаев, майдангерлер Мұхтар Әжіғұлов, Алевтина Митрохина және басқалар игілікті істі қолға алған суретшілерге ризашылықтарын білдірді.
Қуандық Мәдірдің айтуынша, алдағы уақытта портреттер қатары молыға түспек. Егер қалада портреттер галереясы ашылатын болса, суретшілер өз туындыларын тегін беруге дайын.