Оралда үздік салық қызметкерлері марапатталды
Жиынды ашқан облыстық салық департаментінің басшысы Аманжол Жақанов сала қызметінің тарихына қысқаша шолу жасап, әріптестерін төл мерекелерімен құттықтады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов салық қызметінің маңызына тоқталып, осы салада қажырлы еңбек еткен бір топ салық қызметкеріне облыс әкімінің атынан алғысхат табыс етті. Бұдан басқа салық органындағы қажырлы еңбегі үшін облыстық салық департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Қайдаров пен аталмыш департаменттің салық төлеушілермен жұмыс басқармасының бас маманы Мейіз Сұлтанова «Салық қызметінің үздігі» атағын алды. Сондай-ақ тағы бір топ салық қызметкері ҚР Қаржы министрінің, ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының және облыстық салық департаментінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жиын барысында өңірдегі салық қызметін қалыптастыруға еңбек сіңірген ардагерлердің есімдері де аталып, қошемет көрсетілді.