Оралда жалған қоңырау шалған күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында 5 қаңтар күні Гагарин көшесіндегі тіс емдеу бөлімшесінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлаған «телефон лаңкесі» ұсталды.
None
None

БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиеваның хабарлағанындай, оқиға орнына тиісті қызметтер өкілдері жедел жеткен. Гагарин көшесіндегі автокөлік жолдары жабылып, аумақ түгел қарауға алынды. Бұл аймақтағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға Орал қалалық ішкі істер басқармасының жеке құрамынан 31 қызметкер және 6 патрульдік полиция автокөлігі жұмылдырылды.

Жарылғыш зат қойылды деп хабарласқан күдікті жарылғыш заттың қай мекенжайда, қай ғимаратқа қойылғанын нақты айтпаған. Сол себепті БҚО ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлініс жауынгерлері мен кинологиялық орталықтың қызметкерлері аталған көшедегі бес стоматологиялық және тіс бөлімшелерін тінтіп шықты. Олардың барысында жарылғыш зат табылмады.  

Ішкі істер департаменті экстремизммен күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласының 42 жастағы тұрғынын қолға түсірді.

Аталған күдіктінің үстінен ҚР ҚК 242-бабына сәйкес (лаңкестік акті туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін) іс қозғалды. Айта кетейік, дайындалып жатқан лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған хабарлау - екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысының немесе өзге табысының мөлшерінде айыппұл салуға, не бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Соңғы жаңалықтар