Оралда жаңадан жұқпалы аурулар ауруханасы бой көтермек

БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Қаюповтың айтуынша, бұл мақсатқа облыс қазынасынан 4,2 млрд теңге қарастырылды.
Соның ішінде дайын модульдік құрылғыны сатып алу және құрылыс-монтаж жұмыстарына 2 млрд теңге бөлінді. Оған қоса «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үнемделген қаражатты қайта бөлу арқылы аталған нысан құрылысына 2,2 млрд теңге бағытталды.
«Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 37-сессиясында өңір бюджеті 3 млрд теңгеге нақтыланды. Шығындар бірінші кезекте коронавируспен күрес шараларын қаржыландыруға жолданды. Модульдік ауруханаға қоса облыстағы инфекциялық және провизорлық стационарларға медициналық жабдықтар сатып алуға 603 млн теңге қаралды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органның резервін толықтыруға 200 млн, облыс мектептерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және жылдамдығын ұлғайтуға 56 млн теңге берілді. Қазіргі кезде облыстық бюджет 250 млрд теңгені құрап отыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Қаюпов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да волонтерлер шын мұқтаждарға көмек көрсеткенін жазған болатынбыз.