16:41, 04 Мамыр 2013 | GMT +5
Оралда жас сақшылар ант қабылдады
ОРАЛ. 4 мамыр. ҚазАқпарат - БҚО ішкі істер департаменті бөліністерінің жас қызметкерлері Оралдағы Жеңіс алаңында Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында салтанатты түрде ант қабылдады.

Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, батысқазақстандық полицейлердің қатарына 24 жас тәртіп сақшысы қосылды. Атап айтқанда, патрульдік полиция батальоны, жол полициясы қатары толықтырылды. Сондай-ақ шара барысында БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов 66 полиция қызметкеріне кезекті шендерін табыстады.
Жас сақшыларды белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, сала ардагерлері, ант берушілердің ата-аналары құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Жас сақшылардың арасындағы жалғыз қыз, полиция лейтенанты Самал Қадырова еліне адал қызмет ететініне сенім білдірді.
Саптық байқау салтанатты маршпен аяқталды.