Оралда жасөспірім Деркөл өзеніне батып кетті
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жедел құтқару жасағы сүңгуір-құтқару бөлімшесінің басшысы Алексей Еремеевтің мәлім еткеніндей, оқиға 20 маусым күні кешкісін қалаға қарасты Деркөл ауылында болды.
Сағат 18.40-та 2007 жылғы ер баланың батып кеткені жөнінде хабар түскен. Оның денесі судан шығарылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Жыл басынан бері мұның алдында үш адам суға кеткен болатын. 29 ақпан күні балықшы қаза тапса, 5 маусым күні Теректі ауданы Подстепный ауылында 1995 жылғы жігіт Барбастау өзенінен шықпай қалды. Сондай-ақ 10 маусым күні Ақжайық ауданы Бударин ауылында 10 жасар қыз бала каналға батып кетті.
«Бұл ресми тіркелгендері ғана. Басқа суға кету оқиғалары бойынша өлімнің себептері анықталуда. Яғни сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Еремеев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 22 жастағы жігіттің көлікпен өзенге батып кеткенін жазған болатынбыз.