Оралда ЖҚТБ дертімен күрес мәселесіне арналған семинар өткізілді

ОРАЛ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «ЖҚТБ және АҚТҚ: дискриминациялау мен таңбалауды (стигма) жеңу» атты семинар-тренинг өткізілді.
None
None

Әлемді алаңдатқан ЖҚТБ (ВИЧ) аранына арбалғандар саны Қазақстанда да кемімей отыр. 2010 жылғы қыркүйектің 1-індегі мәлімет бойынша елімізде 15151 аталмыш қауіпті дертке шалдыққан, оның 340-ы - он төрт жасқа толмаған жеткіншектер. АҚТҚ (СПИД) жұқтырғандар саны 1151, ал 875 адам осы кеселдің кесірінен көз жұмған. Облыстық АҚТҚ-ға қарсы күрес орталығының эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі Сайранкүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, облыста 340 адам ЖҚТБ жұқтырған, 17 науқас АҚТҚ -мен бетпе-бет жүздескен. 13-і кесел кесапатынан бақилық болыпты. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Ал шындығында сырқатқа шалдыққандардың бәрі бірдей анықталмаған, демек тіркелмеген. Халықаралық сарапшылардың есебінше, ЖҚТБ жұқтырғандар саны ресми тіркелгендерден бір жарым есеге артық. Әйтсе де, мәселе - олардың санында емес, аса қауіпті дерттің таралу динамикасында, - деп дабыл қағудан танбай келеді мамандар. ЖҚТБ және АҚТБ халық көп шоғырланған үлкен қалаларды былай қойғанда, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарына да ауыз сала бастады. Өкінішке орай, «қара тізімді» Орал қаласы мен Зеленов бастап, Бөрлі, Шыңғырлау, Тасқала және Теректі аудандары қостап тұр. Науқастардың 68,8 пайызы шеңгелдің шырмауына жыныстық қатынас арқылы ілінсе, 23,3 пайызы наша қолданудан соң тап болған, ал 7,9 пайызы емі жоқ ауруға қалай ұшырағандарын да білмейді.

Әдетте ЖҚТБ жұқтырған адамға тек науқасымен ғана емес, қоғамда қалыптасқан кереғар пікірлермен де күресуге тура келеді, деді ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының Алматы қаласындағы өкілі Марина Максимова. Өйткені көпшілігі ауру адамнан алапес көргендей ат-тонын ала қашады. Ұзақ жыл журналистика саласында қызмет атқарған Марина еңбек жолында осындай науқас жандармен жиі кездесіп, тілдескенін айта келе, тіпті оқыған-тоқыған, көзі ашық адамдардың арасында да АҚТБ мен ЖҚТҚ-ға душар болғандарды алалау мен шеттетудің орын алатындығын жеткізді. Еліміздің Ата Заңында адамдардың құқығы мен бостандығына шек қойылмайды, оған қоса науқасты бойына жабысқан кеселі үшін жазғыру мен жазалау адамгершілік қасиетке жат. Қалың жұртшылыққа ЖҚТБ, АҚТҚ-мен күрес жолдары туралы мол мағлұмат беруде, науқас жандарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі орасан зор.

Тренингте журналистер облыстық АҚТҚ-ға қарсы күрес орталығының мамандарымен сұхбаттасып қана қоймай, media жаттықтырушының кеңестеріне де құлақ түрді. Аталмыш кеселге қатысты медициналық терминдерді қолдану аясы мен аудару жайын тілге тиек етті. Тренинг соңында журналистерге республикалық АҚТҚ-ға қарсы күрес және оның алдын алу орталығы мен АҚТҚ-ға, туберкулез және безгек ауруларына қарсы күрес жаһандық қорының сертификаты табысталды.

Соңғы жаңалықтар